• 22.02.2012

    «Суреткер» фильмінің тұсаукесері

    Ақпанның 22-де «Цезарь» кинотеатрында қазақ халқының аса көрнекті режиссері, қазақ киносының негізін қалаушылардың бірі – Мәжит Сапарғалиұлы Бегалиннің өмірі мен шығармашылығы жайында баяндайтын «Суреткер» атты жаңа деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмді түсірген Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ.

    Қазақ киносының корифейі Мәжит Бегалиннің 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген мерекелік кешке Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев, ҚР халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев, Мәжит Бегалиннің ағасы Қасым Бегалин, жақын туыстары – Бегалина Гүлнәр Хамитқызы және Бегалин Алтай Хамитұлы, сондай-ақ, еліміздің зиялылары қатысты.

    - Қазақ киносының алып тұлғаларын қашан да есімізге алып, құрметтеуіміз қажет. Олар: Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаев және Мәжит Бегалин. Бұл ұлы тұлғалар қазақ мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосты,-деді киностудия басшысы Ермек Аманшаев.

    Мәжит Бегалин басқа режиссерлерге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән қолтаңбасы бар шебер иесі. Ол Шоқан Уәлихановтың өмірін баяндайтын «Оның күні туады», «Ел басына күн туса», «Мәншүк туралы ән», «Тұлпардың ізі» туындыларды түсірді. «Суреткер» фильмінде ұлттық өнерімізде үлкен із қалдырған Мәжит Бегалиннің фильмдері туралы сөз айтылады. Сонымен қатар, картинада мұрағаттық материалдар пайдаланылған және режиссер туралы Сергея Герасимов, Клара Лучко, Инна Макарова, Андрей Кончаловский, Наталья Аринбасарова, Ляйла Ғалымжанова, Олжас Сүлейменов сынды басқа да танымал тұлғалар өз ойларымен бөлісті.

    Тұсаукесер рәсімінен кейін Мәжит Бегалин атындағы №120 мектебінде көрнекті режиссердің құрметіне мұражай ашылды. Мұражайда Мәжит Сапарғалиұлының суреттері, құжаттары мен жеке заттары қойылған. Мұражайдың ашылу рәсіміне көлденең тартылған қызыл лентаны қию құрметі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаевқа, ҚР кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянко және Алмалы ауданының әкімі Марат Пірімбековке бұйырды.



Ваше имя*
Ваш E-mail*
Сообщение*
Защита от автоматических сообщений
CAPTCHA
Введите слово на картинке*

 

Шәкен Айманов атындағы
«Қазақфильм» АҚ
Алматы қаласы, Әл-Фараби
көшесі 176
302-16-77(факс)
kense@kazakhfilmstudios.kz


Барлық құқықтары қорғалған
«Қазақфильм» АҚ
1956-2019