Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірген «Мерген» (реж. Р.Әлжанов), «Граната» (реж. Д.Мырзағалиев) және «Көше ақыны» (реж. С.Рақым) атты қысқаметражды фильмдер қыркүйектің 8-і мен 12-і аралығында Алматыда жабық форматта өтетін VI Халықаралық Baiqonyr International Short Film Festival кинофестиваліне қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуына қарағанда биыл фестивальға қатысуға үміт білдірген 180 өтінім ішінен ұлттық байқауға 23 кинотуынды іріктеліп алынған екен.
VI Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінің халықаралық қазылар алқасының құрамына: Ресей киносыншысы, Халықаралық Мәскеу кинофестивалінің қысқаметражды фильмдер байқауының іріктеушісі Андрей Щиголев (төраға), ФИПРЕССИ және НЕТПАК мүшесі Гульбара Толомушева (Қырғызстан), киносыншы Адиля Хайбуллина (Татарстан), продюсер Дина Жұмабек, дыбыс режиссер Денис Коноплев, қоюшы оператор Едіге Несіпбеков, жас режиссерлер Кристина Михайлова және Иван Ардашов кірді.
Baiqonyr ISFF кинофестивалі Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының қолдауымен өтеді.