Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ қолдауымен түсірген «Граната» (реж. Д.Мырзағалиев) және «Көше ақыны» (реж. С.Рақым) атты қысқаметражды фильмдер VI Халықаралық Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалінде бірнеше жүлдеге ие болды.
Ұлттық байқау шеңберінде көрсетілген «Граната» фильмі «Үздік сценарий» (Далер Мырзағалиев, Талғатбек Әбішев) және «Үздік актерлық жұмыс» (актер Марат Абайділда) атты екі бірдей жүлдеге қол жеткізді. Ал «Көше ақыны» фильмі «Үздік монтаж» жүлдесімен марапатталды.
Естеріңізге сала кетсек, VI Халықаралық Baiqonyr International Short Film Festival кинофестивалі қыркүйектің 8-і мен 12-і аралығында Алматыда өтті. Биыл фестивальға қатысуға үміт білдірген 180 өтінім ішінен ұлттық байқауға 23 кинотуынды іріктеліп алынған. Айта кетсек, халықаралық байқауда ТМД елдерінің 13 фильмі бақ сынады.