Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ шығарған режиссері Жаңабек Жетіруовтың «Аққыз» фильмі мерейтойлық XV «Қараңғы түн» кинофестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысады. Шығыс Еуропада ең ірі фестивальдердің бірі болып саналатын бұл мәдени іс-шара Таллинн қаласында қарашаның 16 мен 30 аралығында өтеді.
Фестиваль негізгі бағдарламадан, бірнеше кіші фестивальдерден, медиа және киноөндірісі нарығынан құралған. Фильмнің режиссері Жаңабек Жетіруов өзінің осымен екінші толықметражды жұмысын фестиваль көрермендеріне өзі таныстырып, тек бас жүлдені алуды көздеп отыр. Естеріңізге сала кетсек, Жетіруовтың «Дүниежарық» атты алғашқы картинасы көптеген халықаралық байқауларда жүлделі орындардан көрінген болатын.