Қарашаның 15 мен 18 аралығында Тәжікстанда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Тәжікстандағы Қазақстан Республикасының елшілігі ұйымдастырған қазақ киносының күндері өтті.
Мәдени іс-шара барысында тәжік көрермендері «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бірнеше фильмдерді тамашалады, олар: режиссерлары Сергей Бодров, Талғат Теменов пен Иван Пассердың «Көшпенділер» фильмі, Ақан Сатаевтың «Ликвидатор» фильмі, Фархат Шәріповтың «Алқызыл қоян туралы хикая» және режиссері Рүстем Әбдірашевтың «Балалық шағымның аспаны» фильмдері.
Қазақ киносының күндері Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізіліп, көрші екі елдің жан-жақты байланыстарының нығаюына, оның ішінде мәдени байланыстардың одан әрі дамып, өркендеуіне септігін тигізеді.